Сәрсенбі, 31 Шілде 2019 12:37

Ақылы жолдардағы жаңа технологиялар

Ақылы жолдардағы жаңа технологиялар

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ еліміздің автомобиль жолдарындағы ақылы учаскелерінде RFID-технологияларды енгізуді жоспарлауда.

RFID белгілер көлік құралдарын қашықтықтан сәйкестендіру үшін, ақылы учаскелердегі жол қозғалысының қарқындылығын талдау және жолақысын автоматты түрде қабылдау үшін қолданылады.

RFID белгілер – бірегей нөмірлері бар радиожиілікті құрылғылар. Автокөлік туралы ақпаратты мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша емес, аталмыш белгілер арқылы алуға болады. Шлагбаумдар RFID-белгілердегі мәліметтердің негізінде ашылады.

Автокөліктің алдыңғы әйнегіндегі RFID-жапсырманың сәйкестендіру коды анықталғаннан кейін, жүйе көлік туралы ақпаратты алып, ақылы учаскелердегі төлем қабылдау пункттерінен кедергісіз өткізеді. Әр белгі тек бір автокөлікке тіркеледі. Бірнеше автокөліктің бір белгіні пайдалану мүмкіндігі қарастырылмаған.

RFID жүйенің негізгі артықшылықтары:
•    Автокөлікті қашықтықтан сәйкестендіру мүмкіндігі;
•    Шлагбаумдарды қашықтықтан басқару;
•    Автокөлікті тоқтатпай жолақыны қабылдау.

RFID белгілерді төлем қабылдау пунктінде орнату жоспарланған. Белгіні көлікке орнату және жүйеде тіркеу үшін 5 минуттай уақыт қажет болады. Қазіргі таңда аталмыш технологияға көші үшін 80 000 белгі сатып алынды.

Жаңа белгілер енгізілгенімен, жеке шотты толықтыру әдісі өзгермейді. Жеке шот мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша толықтырылады.

Leave a comment

You are commenting as guest.